logoru
logo

Дүйсенбі, 16 Наурыз 2020 - KAZUS.KZ

Азық-түліктің шекті бағасын көтерген кәсіпкерге айыппұл салынады - Бақыт Сұлтанов

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары тұрақтандырылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Төтенше жағдай кезінде Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдап жатыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары тұрақтандырылатын болады. Төтенше жағдай режімінде барлық ел болып, ортақ қауіп-қатерге қарсы бірігуге тиіспіз. Біз тамақ өнімінің бағаларын көтеруге, алыпсатарлыққа салынуға жол бермеу үшін барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Ол үшін тиісті құқықтар мен тетіктер жеткілікті», - деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағаларын енгізу тетігі жеңілдетіліп жатыр.

«Бұл әкімдіктерге бағалардың ауытқуына жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Жергілікті атқарушы органдардың шекті бағаларды көтерген кәсіпкерлерге айыппұл салу құқықтары бар. Бұл қағидат қолданылады», - деді Бақт Сұлтанов.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Онда шекті тарифтерді және халықтың және экономиканың үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларға бағаларды белгілеу тапсырылды.

 

Толығырақ ...

Үйден жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысы өзгере ме – министр жауабы

KAZUS.KZ. Төтенше жағдайға байланысты қашықтықтан жұмыс істейтін азаматтардың жалақысы қысқармайды, сол күйінде қалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бүгінгі таңда барлық кәсіпорын мен мекеме, егер де қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндігі болса, онда сол режимге көшуге міндетті. Бұл Еңбек кодексінің 138-бабымен реттеледі. Қашықтықтан жұмыс істеуге ауысқан кезде, еңбекақыны төлеу тәртібі өзгермейді", - деді Нұрымбетов астанада өткен брифингте.

Министр қазақстандықтың төтенше жағдай режимі кезінде үйден жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Жұмыс беруші заңнамаға сәйкес қызметкеріне жағдай жасауға міндетті.

"Жалақысы да атқарылған жұмысына сай ай сайын алып жүрген мөлшерде төленеді", - деп түсіндірді министр.

Нұрымбетов жұмыс берушілерді қызметкерлері алдында әлеуметтік жауапкершілік танытып, еңбек заңын толығымен сақтауға шақырды.

Сонымен қатар, министр қысқартылған жұмыс күніне де тоқталды. Айтуынша, жұмыс берушілер өз бұйрығымен қысқартылған жұмыс режиміне көшуге құқылы. Бұл дегеніміз бір аптадағы жұмыс күндерінің саны азаяды немесе бір күндегі жұмыс сағаты қысқарады. Я болмаса, жұмыс күнімен бірге сағаты да азаюы мүмкін.

"Егер жұмыс күні аптасына бес күннен үш күнге дейін қысқарса, онда азаматтар үш күндік жалақысын алады. Егер бір күнде сегіз сағаттың орнына төрт сағат жұмыс істесе, онда сол төрт сағаттың айлығы төленеді", - деді Нұрымбетов.

Толық емес жұмыс күні Еңбек кодексінің 70-бабымен реттеледі.

Толығырақ ...

ТҮРКІСТАН: коронавирусқа байланысты арнайы ситуациялық орталық жұмысын бастады

  • Бөлім:  Қоғам

Түркістан облысы әкімдігі тарапынан облыс аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті медициналық, профилактикалық және ұйымдастыру шараларын қабылдады. Арнайы ситуациялық орталық құрылып, штаб өз жұмысын бастады, деп хабарлайды KAZUS.KZ

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

ҚР Президентінің Жарлығын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, төтенше жағдай кезінде облыс аумағында бірнеше шаралар жүзеге асады.

«Санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, ірі сауда орындарының жұмыс кестесі сағат 10:00 мен кешкі 18:00 аралығындаболады. Нан-бөлке және кондитерлік өнімдер тек ораулы күйде сатылуы қажет. Киім-кешек базарлары сағат 11.00-17:00 аралығында жұмыс істейді. Дәмханалар мен мейрамханалар жұмыс уақыты кешкі 22:00-ге дейін шектеліп, келушілер саны 50 адамнан аспауы қажет. Спорттық іс-шаралар көрерменсіз өтеді. Ауқымды отбасылық салтанатты іс-шаралар мен еске алу салттарын өткізуге тыйым салынады. Сауда орталықтары, кинотеатр, театр, көрме, фитнес-орталықтар мен жаттығу залдары, түнгі клубтар және адам көп жиналатын басқа да ойын-сауық орындарының қызметі тоқтатылады», - деді Сәкен Амангелдіұлы.

Сонымен қатар, облыста мектептен тыс қосымша білім беру нысандары, аула клубтары, үйірмелер, секциялар, компьютерлік клубтар жабылады. Карантиндік режимді сақтамаған, медициналық ұйымға барып қаралудан бас тартқан азаматтарды бақылау күшейтіледі. Қоғамдық орындар мен көліктерде санитарлық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Барлық емдеу және медициналық-әлеуметтік мекемелер, қарттар мен мүгедектерге арналған интернаттар мен балалар үйлеріне келуге тыйым салына отырып, карантинге жабылады.

Сондай-ақ, брифингте облыс әкімнің орынбасары Ұлан Тәжібаев облыстық әкімдіктің ресми сайты жанынан ақпараттандыру парақшасы ашылғанын баяндады. Онда коронавирустан сақтану жолдары бойынша кеңестер, облыста індетке байланысты қолға алынған барлық шаралар және ресми ақпараттар салынатын болады. Сонымен қатар, сауда орындарының жұмыс істеу кестелері жарияланады.

Толығырақ ...

БЖЗҚ қашықтықтан қызмет көрсету режиміне көшті

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Әлемде қалыптасқан пандемиялық жағдайға байланысты БЖЗҚ салымшылары мен қызмет алушыларына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды  "baq.kz".

"БЖЗҚ" АҚ өзінің салымшылары мен алушыларына әлемдегі қалыптасқан пандемиялық жағдайға байланысты және ҚР президентінің республикада төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлығын басшылыққа ала отырып, 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 2020 жылдың 30 наурызына дейін Қор бөлімшелерінің салымшыларға (алушыларға) жинақтаушы зейнетақы жүйесі мәселелері бойынша зейнетақы қызметтерін алыстан (қашықтан) көрсету режиміне көшірілгендігі туралы хабарлайды. 

Салымшылар мен алушыларға зейнетақы қызметтері онлайн режимінде қолжетімді, онда төмендегі қызмет түрлері де қамтылған:

 - тіркелген ЖСН және пароль немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен enpf.kz сайтында немесе ұялы қосымша арқылы жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді көшірме алу;

- электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда egov порталы арқылы немесе mgov жүйесінде тіркелген телефон нөміріне SMS арқылы жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы үзінді көшірме алу;

- салымшының (алушының) деректемелеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу;

- enpf.kz сайтында ерікті зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасау;

- төлемдерді (төлем түріне қарай) ресімдеу кезінде құжаттарды алдын ала тексеру және басқа да қызмет түрлері.

БЖЗҚ байланыс орталығының мамандарынан 1418 қысқа нөмірі немесе +7 777 000 14 18  нөмірі бойынша кеңес алуға болады. Кеңес беру, сондай-ақ, Қордың www.enpf.kz корпоративтік сайтында, WhatsАpp, Viber-дегі чат-бот арқылы, Қордың Instagram, Facebook, ВКонтакте, twitter Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында да қолжетімді.

Сіздің назарыңызды БЖЗҚ-ның орталық кеңсесі мен барлық аймақтық бөлімшелері өз қызметтерін жалғастырып жатқанына аударғымыз келеді. Кейінге қалдыруға болмайтын және күндізгі қызмет көрсетуді талап ететін жағдайларда БЖЗҚ кеңселерінде салымшылардың мүддесі үшін кезекші қызметкерлер жұмыс істейтін болады, олармен enpf.kz сайтына орналастырылған тізім бойынша телефон арқылы алдын ала хабарласуға болады. Азаматтардың денсаулығына алаңдаушылық білдіре отырып, Қор өз салымшылары мен алушыларына түсіністік танытқаны үшін алғыс білдіреді!, - делінген таратылған ақпаратта.

Толығырақ ...

Дәрігерлер төрт жасар баланың асқазанынан 20 магнитті шар алды

KAZUS.KZМәскеудің Ноябрьск қаласында дәрігерлер төрт жасар баланың асқазанынан 20 бірдей магнитті шарларды алып шықты. Қазіргі таңда оның өміріне еш қауіп жоқ деп хабарлайды "KAZ.NUR.KZ".

Басылымның мәліметінше, балақайдың ата-анасы ұлының 250 магнитті шармен ойнап жүріп, олардың жартысын жұтып қойғанын байқаған кезде дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

"Баланың ас қорыту жолына түскен шарлар ішек пен асқазанның қабырғалары арқылы бір-біріне жабысқан, олар ақыр соңында ішекте ойық тудырып, маталарды қысып тастады... Баладан бөгде денелерді алып тасату үшін лапаротомия жасалды. 20 магнитті шарлар жойылды. Қазір оның өміріне еш қауіп төндірмейді, ол ауруханадан шығарылды", - деп хабарланды медициналық мекемеде.

Толығырақ ...

Шымкентте 67 адам карантинде жатыр

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Шымкентте 67 адам карантинге жабылған. Олар коронавирус қауіптілігі жағынан «А» санатына жататын Қытай, Оңтүстік Корея, Иран және Италия мемлекеттерінен келген, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаевтың мәліметінше, провизорлық госпитальде коронавирус қауіптілігі жағынан «А» санатына жатқызылған елдерден келген азаматтар бақылауға алынған. Олардан 14 күн бойына түрлі сынамалар алынып, тексеруден өтеді. Карантинге жабылғандардың дені Оңтүстік Кореядан келген орта жастағы ер азаматтар.

Бүгінде госпиталь коронавирус белгілерімен түскен науқастарды қабылдауға толықтай жабдықталған. Сондай-ақ, дәрігерлер мен медбикелер арнайы дәрістерден өтіп, коронавирусқа шалдыққан науқастармен жұмыс жүргізу қағидаларын меңгерген.

«Бізге науқастар әуежайдан жеткізіліп жатыр. Оларды алдымен Шымкент қаласы тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлері тексереді. Сонан соң бізге алып келеді осында. Бүгінгі күнге провизорный госпитальда 67 адам жатыр»,- дейді Амангелді Нұрлыбаев.

Толығырақ ...

Төтенше жағдай: ҚазАТУ әр қызметкеріне 100 мың теңгеден үстемақы берді

KAZUS.KZ. Бүгінгі орын алып отырған төтенше жағдайға байланысты және Наурыз мерекесі қарсаңында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқармасы университет ұжымын әлеуметтік жақтан қолдау мақсатында 100 мың теңгеден үстемақы тағайындады, деп хабарлайды "baq.kz".

Қаржы әрбір штаттық қызметкерге (оқытушылар, әкімшілік-басқару және қызмет көрсету персоналдары) беріледі.

Ертеңгі жұмыс күнінің соңына дейін ақшалай қаражат олардың банктік карточкаларына аударылады. Қазіргідей жағдайда біз барша отандастарымызды және әріптестерімізді қолдаймыз - дейді университет басшылығы. 

Университет осы жылдан бастап 3 семестрлік оқу бағдарламасына көшкен, сол себепті студенттер кезекті демалысқа жіберілген. Ал демалыс уақыты аяқталған күннен бастап білім ордасы түгелдей қашықтықтан оқыту жүйесінде жұмыс істеуге даяр тұр. 

Ал бүгіннен бастап университет штаттық кесте бойынша кезекшілікпен және қашықтықтан жұмыс жүргізу режиміне көшті. 

Толығырақ ...

Павлодарда зарарсыздандыру заттары шығарыла бастады

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Ертіс өңірінде зарарсыздандыру заттарының өндірісі іске қосылды. Осылайша, отандық өндіруші шикізаттық тәуелділіктен арылды, деп хабарлайды "baq.kz".

Кәсіпорын Ғылым қорымен бірлесіп инновациялық технологияны ойлап тапты. Бүгінде зауытта шығарылатын материалдардың тең жартысы Қытайдан алынады.

Кәсіпорынның техникалық директоры Борис Шаровтың айтуынша, өнім хлорлы дезинфекциялық өнімдердің негізі болып табылатын қышқылдан жасалады.

Жаңашыл жобаның мақсаты - Қытайдан алынатын шикізаттар бас тарту. Импорттық өнімден арылып, елге отандық өнім беру керекпіз. Бұл істі жолға қоюға Ғылым қоры көмектесті. Өндірісті қаржыландыру мақсатында 300 млн теңге бөлінген. Бүгінде жаңа өндіріс ошағын "Павлодар" арнайы экономикалық аумақта орналастыру шешімі қабылданды, - дейді Борис Шаров.

Мамандардың мәліметінше, зауыттың қуаттылығы жылына 500 тонна зарарсыздандыру өнімін құрайды. Нарықтан сұраныс өссе, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта әлемдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәуліктік қуаттылық 300 келіден 800 келіге дейін ұлғайтылған. Зауытта 25 түрлі өнім шығарылады. Қарапайым антисептиктің нарықтағы құны 500 теңгеден аспайды. Ал жарамдылық мерзімі 5 жылға жетеді.

Толығырақ ...

Ресейлік белгілі дәрігер коронавирустан қорғанудың жолын айтты

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Ресей ғылым академиясы институтының Қоғам денсаулығын сараптау және болжау зертханасының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Борис Ревич коронавирусты жұқтыру қаупін бәсеңдету үшін медициналық маска тағып, амандасу кезінде қол алыспауға, құшақтаспауға кеңес берді, деп жазады "KAZ.NUR.KZ".

"Коронавирус жұқтырудың алдын алу үшін медициналық бетперде таққан жөн, амандасу кезінде қол алысып, құшақтасудан бас тартқан дұрыс. Қоғамдық орындарда, автобуста бетпе-бет тұру вирус жұқтыру мүмкіндігін арттырады", – дейді Борис Ревич.

Маманның сөзінше, вирус ауа-тамшы жолдары арқылы жұғады, сондықтан бетперденің қорғаныс күші аздау болса да тағып жүрген абзал.

"Бетпердені қолдану жүрегі ауыратындар мен егде жастағыларға қиындау, себебі ол тыныс алуды бояулатады. Егер маскаңыз болмаса, бетіңізді мойын орағышыңызбен жауып жүріңіз", – дейді Борис Ревич.

Оның айтуынша, кейбір маскалар 1 сағатқа ғана жарамды болса, кейбірі тиімділігін 4 сағатқа ғана сақтайды.

"Екінші бір айта кетерлік жағдай, таныс болсын, жақын туысыңыз болсын, амандасқан шақта қол алысу, құшақтасудан бас тартыңыз. Бір-біріңізден алыс ара қашықтықта болыңыз. Өзім метромен қатынайтындықтан, алыс тұрудың қиын екенін түсінемін. Сонда да бетпе-бет тұрмасаңыз болғаны", – дейді маман.

Медицина ғылымдарының докторы ауру жұқтырудың алдын алу үшін қолды сәл бүгіп, шынтаққа қарай түшкіру керектігін қоса айтты.

Ревичтің ойынша, үлкен аурулардың алдын алу дәл осындай ереже мен тәртіпті сақтағаннан басталады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша әлемнің 140 елінде 153 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырған. Көбісі індеттен айыққан.

Толығырақ ...

Нұр-Сұлтандағы "Столичный-2" проблемалық кешені тамызда тапсырылады

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі проблемалық үйлердің құрылысын, үлескерлер мәселесін жіті қадағалауда ұстайды. Бұл орайда елорда әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев "Столичный-2" проблемалық тұрғын үй кешені құрылысының барысын тексерді, деп хабарлайды  "baq.kz".

Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, инженерлік желілер жалпы көлемде 80%-ға орындалды. Бүгін екінші мұнараға жылу торабы орнатылады, яғни батареялар, радиаторлар бәрі қойылды. Наурыз айының соңына дейін сыртқы жұмыстарын аяқтаймыз. Сәуір айында декоративті сылауды бастаймыз және сол айдың соңына дейін сыртын бояймыз. Шыны пакеттер мен витраждар сатып алынды, сыртқы бөлігін шынылау басталды. Тапсыру мерзімі – 2020 жылдың тамыз айы. Бірақ біз алғашқы кезекті ертерек тапсыруды жоспарлап отырмыз. Екінші кезек бойынша құрылыс келесі айда жоспарлануда. Бұл бөлігі 2021 жылдың екінші тоқсанында тапсырылады, – деді "Meridian story LTD" ЖШС Бас директоры Роман Шалуткин. 

Алтынбек Қайсағалиев аталған тұрғын үй кешенінің проблемалары туралы айтып, тамыз айында кешен тапсырылатынын мәлім етті. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қала әкімдігі проблемалық үйлердің құрылысын аяқтау бойынша жұмыс жүргізуде. Алданған үлескерлердің мәселелерін шешу тұрақты бақылауда. Күн сайын біз барлық проблемалық нысандарды аралап шығамыз. Бүгін біз "Столичный-2" ТК құрылысына бардық. 8 жыл бойы тұрғындар өз пәтерлерін күтумен жүр. Бұл тұрғын үй кешенінде бірнеше проблема бар. Біріншісі – бұл үйде 190 пәтер, ал үлескерлерге 230 пәтер сатылыпты, яғни үлескерлер саны пәтер санынан артық. Екіншісі – екі, үш мәрте сатылған баспаналар. Бүгінде мемлекет осы проблемалық нысандарды шешумен айналысып жатыр. 2019 жылы 10 үй пайдалануға берілді, биыл тағы 20 үй пайдалануға беріледі. "Столичный-2" кешені – біз жазда аяқтауды жоспарлап отырған нысандардың бірі. Қаржыландыру бар, мердігер бар, инженерлік коммуникациялар бойынша барлық мәселелер шешілді. Тамыз айына дейін аталмыш нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол. 

"Феникс – Столичный" тұрғын үй-құрылыс кооперативі (ТҚК) төрағасы Жанар Дүйсенова әкімдік пен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді. 

Біздің тұрғын үй кешенінің жұмысы 2012 жылы басталған. Алайда, алаяқ құрылысшылардың кесірінен соңына дейін жетпеді. 2015 жылы әкімдіктің ұсынысымен біз ТҚК құрып, ведомствоаралық комиссияның ұсынған алгоритмі бойынша үйді аяқтауға болатын мүмкіндік табылды. Қазіргі көрсеткішіміз – бұл барлық атқарушы органдармен күнделікті атқарған еңбегіміздің нәтижесі. Біз толық құжаттар пакетін жинағаннан кейін "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасына ендік, – деді ол.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу