logoru
logo

Сенбі, 14 Наурыз 2020 - KAZUS.KZ

Қазақстан: Коронавирус жұқтырған 4 науқастың жағдайы белігі болды

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Дәрігерлер коронавирус инфекциясын жұқтырған Алматыдағы төрт науқастың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясы расталған диагнозы бар 4 науқас жатыр. Олардың үшеуінің жағдайы қанағаттанарлық. Біреуі орташа ауыр жағдайда. Олар бекітілген хаттама бойынша ем алуда. Вирусқа қарсы және симптоматикалық терапия уақытында басталды. Қазір олармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қарым-қатынаста болған адамдар дәрігерлердің бақылауында. Оларға үш сағаттық термометрия жүргізіліп жатыр. Коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған азаматтардың бәрінің жағдайы қанағаттанарлық. Температуралары көтерілуі немесе аурудың басқа белгілері анықталған жоқ», - дейді дәрігер Айгүл Әбдірахманова.

Оның айтуынша, ауруханадағы барлық медицина қызметкері коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу бойынша жұмыс істеуге оқытылып, дайындалған.

Мамандар коронавирустың таралуына жол бермеу үшін алдын алу шараларын сақтау керектігін ескертеді. Тұрғындарға халық көп жиналатын орындарға барудан уақытша бас тартқан жөн. Сондай-ақ дәрігерлер жұқпалы дерттен қорғану үшін қолды сабынмен жиі жуып тұруға кеңес береді.

Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрі 14 наурызда елордада өткен баспасөз мәслихатында Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Көп өтпей Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды. Кейін Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус анықталды. Осылайша бұл дертке шалдыққандар саны 4 адамға жеткен еді. Бүгін тағы екі қазақстандықтан коронавирус табылды.

Толығырақ ...

Нұр-Сұлтанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Қазақстанның астанасында коронавирус жұқтырғандардың саны бес адамнан асқан жағдайда төтенше жағдай режимін енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы баспасөз мәслихатында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлім етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайға байланысты төтенше жағдай режимін енгізу туралы шешемді елорданың бас санитар дәрігері қабылдайды.

"Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар мен олармен байланыста болғандардың санына байланысты. Жалпы жағдай мен ауырып қалғандардың саны бестен асқан кезде бұл мәселе қарастырылады", - деді Сәуле Қисықова.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда коронавирус екі қазақстандықтан табылды. Олар ауруханада ем алып жатыр. Науқастармен байланыста болған барлық адам анықталды, билік оларды карантинге жабу мәселесін шешуде.

Жалпы, соңғы деректер бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырған алты адам анықталды.

Толығырақ ...

Майдангердің басында 15 жылдан астам бойы оқ жүрген

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Ақтөбелік майдангер Ғизат Тоқтабаев басындағы оқпен 15 жылдан астам уақыт бойы жүрген. Бұл туралы Ұлттық ұлан жауынгерлері соғыс ардагерлерінің үйіне барып, құттықтаған кезде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Ерболат Сұлтановтың айтуынша, қазіргі кезде Ақтөбе қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 25-тей майдангер тұрады.

«Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты республикалық эстафета аясында 6655-әскери бөлім жауынгерлері ақтөбелік соғыс ардагерлері тұратын үйлердің алдынан шерулетіп жүріп өтіп, құрмет көрсетті. Әскери оркестр майдан әндерін орындады.

«Батыс» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Бақыт Алазов майдангерлерге ҚР Ішкі істер министрінің атынан алғыс хаттар, сондай-ақ гүл шоқтары мен ескерткіш сыйлықтар табыс етті.

Ақтөбелік майдангер басындағы оқпен 15 жылдан астам уақыт бойы жүрген

Ғизат Тоқтабаев үйіне келген меймандарға әскери жолы туралы әңгімелеп берді. 1942 жылы алдыңғы шепте болған Ғизат Мұхтарұлы шабуылға алғашқылардың бірі болып көтеріледі. Сол сәтте басынан оқ тиеді. Оны өлдіге санап, орман ішінде жерлеуге қалдырады. Әйтсе де су ішерлігі бар екен, оның тірі екенін білгендер госпитальға жеткізеді. Онда бастың ішіндегі оқты ала алмайды. Емделіп шыққаннан кейін ол байланысшы қызметін атқарады. Соғыс біткеннен соң 15 жылдан кейін ғана Ғ.Тоқтабаевтың басындағы жарықшақ алынады. Сол кезде «Бұл – таңғажайып жағдай», деп дәрігерлер бас шайқаған екен.

Ұлттық ұлан жауынгерлері құттықтаған майдангердің бірі Борис Иванович Конюшенко 92 жаста. Жасы жетпесе де, Сталинге хат жазып, әскерге алынған ол Қытайда арнайы тапсырмамен қызмет етті. 1949 жылы елге оралғаннан кейін 44 жыл бойы Ақтөбе әуежайында еңбек етті. Қазіргі кезде зайыбы, 43 жыл бойы радист болған Елена Павловнамен бірге екі немересін тәрбиелеуде.

Тағы бір майдангер Михаил Иванович Диденко әскер қатарына 17 жасында 1943 жылы шақырылған. 3-Белорус майданы 92-атқыштар дивизиясы 31-батальоны құрамында пулемет расчетінің командирі болған М.Диденко Вильнюс, Каунас, Пруссиядағы кескілескен ұрыстарға да қатысады. «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған майдангер соғыстан кейін ішкі істер органдарында қызмет етті. Ол да өзіне құрмет көрсеткен Ұлттық ұлан жауынгерлеріне ризашылығын білдірді.

Толығырақ ...

Қоронавирус: 1 090 қазақстандық стационарлық карантинде жатыр

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Қазақстандағы коронавирус бойынша 14 наурыздағы жағдай туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "baq.kz".

Бүгінде елімізде коронавирус жұқтырған 6 науқас тіркелді: Алматы қаласында – 4, Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам. Стационарлық карантинде 1 090 адам, үй карантинінде 452 адам жатыр.

Сонымен қатар, ҚХР-дан және шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда.

Барлық санаттар бойынша мониторингке 2 мың 272 адам алынды, оның ішінде 1 "а" санаты бойынша – 1 мың 438, 1 "б" санаты бойынша – 475, 2 санаты бойынша – 359 адам. Мониторингке алынған 2 мың 272 адамның 380-іне бақылау тоқтатылды. 14 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 1 мың 892 адамға мониторинг жүргізуде.

Қазіргі уақытта дене қызуымен және ЖРВИ  белгілерімен 116 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 1 "б" санаты бойынша – 31 адам; 2 санат бойынша – 42 адам; 3 санат бойынша - 43 адам. Ауруханаға жатқызылғандар саны 116 адам, 62 азамат шығарылды. 54 адам стационарда қалады.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен аталған пациенттер алгоритмге сәйкес инфекциялық стационарға жатқызылды.
Эпидемияға қарсы қажетті шаралар, оның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекция жасау жұмыстары жүргізілуде.

Айта кету керек, жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында.

Әлемдегі эпидемиологиялық жағдай
Әлемде  138 елде 145 321 КВИ жағдайы тіркелген, оның ішінде:
ҚХР-да 80 813 (тәулігіне - 20 жағ.) жағдай (күн сайынғы өсім – 0,02%), оның ішінде - 3 176 өліммен аяқталған (өлім көрсеткіші – 3,9%).  64 111 адам жазылған (79,3%). Стационарларда 13 526 науқас қалады;
Әлемнің басқа елдерінде - 64 502 (круиз лайнерін қоса алғанда) оқиға (күн сайынғы өсім – 19,9% – ды құрады), оның ішінде – 2 238 өлім, өлім көрсеткіші-3,4 %.

1 "а" санаты бойынша:
Италияда - 17 660 оқиға (тәулігіне - 2 5 47 жағ. өсім – 16,8%), қайтыс болғандар – 1 439 (тәулігіне – 181, өсімі – 14,3%);

Иран -11 364 оқиға (тәулік ішінде-1 289 жағ. өсім-12,7%), қайтыс болғандар - 514 (тәулігіне-85, өсім-19,8%);

Оңтүстік Кореяда - 7 979 оқиға (тәулігіне - 110 жағ. өсімі – 1,4% - ға), қайтыс болғандар саны – 71 (тәулігіне – 5, өсімі – 7,5%).

1" б " санаты бойынша:
Францияда - 3 661 оқиға (тәулігіне – 785 жағю өсім-27,2%), қайтыс болғандар-79 (тәулік ішінде-18, өсім-29,5%);

Испания-5 232 оқиға (тәулік ішінде – 2 086 жағ.өсім-66,3%), қайтыс болғандар – 133 (тәулік ішінде-47, өсім-54,6%);

Германия – 3 675 оқиға (тәулік ішінде – 930 жағ. өсім – 33,8%), қайтыс болғандар саны – 8 (тәулігіне – 2, өсім 33,3%).

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қатаң алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді:
- қолды, бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;
- адамдар көп жиналатын жерлерге мүлдем бармау;
- сырқат адамдарға жақындамау;
- суық тию белгілері пайда болған жағдайда ( дене қызуы жоғарылап, мұрын бітелсе, жөтел, тамақтың ауыруы) тез арада үйге жедел жәрдем шақыру қажет.
Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің Фейсбуктегі парақшасынан оқи аласыздар және өзге де сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады.

Толығырақ ...

Коронавирус мәселелері бойынша Telegram-ботты іске қосты

KAZUS.KZ. Telegram-ботты іске қосты, оның көмегімен пайдаланушылар COVID-2019 коронавирустық инфекциясы бойынша сұрақтарға жауап ала алады, деп хабарлайды "baq.kz".

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Іске қосудың мақсаты ел азаматтарының коронавирус жөніндегі сұраққа жауап алу рәсімін жеңілдету болып табылады. Ақпарат алу үшін чаттағы "Старт" батырмасын басу керек. Ақпарат сұрау үшін пайдаланушы чаттың тиісті түймелерін басу арқылы пәрмендерді жіберу керек. Бұдан әрі пайдаланушы жауаптарды көре алады. Оның қызметтерін пайдалану үшін Telegramға тіркелген пайдаланушы болу керек, – делінген хабарламада.

"Коронавирус-шұғыл желі" Telegram-боты коронавирустық инфекция туралы негізгі ақпаратты (коронавирус дегеніміз не, берілу жолдары, симптомдары, инкубациялық кезеңі, жұқтырып алудан қалай қорғану керек, карантинге кім алынады және т.б.) қамтиды. Бот екі тілде: орыс және қазақ тілдерінде қолжетімді.

Сонымен қатар, коронавирус мәселелері бойынша ҚДСҰО базасында тәулік бойы call – орталық (1406) жұмыс істейді, тел. 8 7172 768 043.

Осы ботты құруға өзінің әлеуметтік жауапкершілігін білдірген және коронавирус бойынша жағдайға немқұрайлы қарамайтын энтузиаст-әзірлеушілер тобы көмек көрсетті. Вирусты бірге жеңеміз!

Толығырақ ...

Коронавирус расталған қазақстандық Германиядан Польша арқылы транзитпен келген

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Польшадан ұшып келген әйел қазір жалғыз өзі бір бөлмеде карантинде жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды "baq.kz".

Ол келген ұшақтың бортында 86 адам болған.

Нұр-Сұлтанда тіркелген екінші жағдайға байланысты айтатын болсам, Қазақстан азаматынан осыдан бірнеше минут бұрын тіркелді. Қазір ол карантинде жалғыз бөлмеде жатыр. Ол транзит арқылы келген. Яғни, Германиядан Польша арқылы ұшып келген, - деді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Лабораториялық жұмыстардың қорытындысы жарияланады және онымен контакт жасаған азаматтар тексеріледі.

Дәл қазір Қазақстанда 6 адамда коронавирус расталды. Олардың екеуі Нұр-Сұлтанда, 4-еуі Алматы қаласында тіркелген.

Толығырақ ...

Министр қазақстандықтар жаппай елге қайтып жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Шет елдерде "Болашақ" мемлекеттік бағдарламасымен білім алуға кеткен 30 адам наурыз айында, 12 адам сәуірде елге қайту туралы өтініш білдірген, деп хабарлайды "baq.kz".

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Қазақстанның шет елде жүрген азаматтары жаппай елге қайтып келіп жатыр деген шындыққа жанаспайды. 

"Болашақ" бағдарламасымен 857 азаматымыз оқып жатқанын бұған дейін айтқан болатынбыз. 30 адам осы наурыз айында қайтып келеміз деп өтінішін білдірді... 12 адам сәуір айында қайтып келеміз деп отыр. Сосын 89 адам маусым айында оқуы біткен соң қайтып келеді. Жалпы "Болашақ" не басқа бағдарлама бойынша білім алып жатқан қазақстандықтар қайтып келіп жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Барлығы білім алу бағдарламасына сай оқып жатыр, – деді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде.

Бұған дейін Асхат Аймағамбетов мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істеуге көшті деген болатын.

Толығырақ ...

Түнгі клубтарда шара өткізуге тыйым салынған – министр

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Қазақстанда коронавирустың тарап кету қаупіне байланысты елімізде түнгі клубтардағы шараларға тыйым салынды. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды "baq.kz".

Берілген ұсыныстарға (Коронавирустың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссия ұсыныстары) сәйкес , 13 наурыздан бастап адам көп жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынды. Бұл ұйымдар – түнгі клубтар – осы регламентке сәйкес келеді. Сондықтан бұл мекемелерде  шара өткізуге тыйым салынды. Себебі бірнеше адамның жақын контакт жасау өте қауіпті, - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде.

Бұған дейін ОКҚ брифингте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істеуге көшкенін айтып,  шет елдерде білім алып жүрген қазақстандықтардың елге қайтуына қатысты айтқан болатын.

Толығырақ ...

Елордада коронавирусты анықтайтын орталық ашылады

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы бірер күннің ішінде елордада коронавирусқа тексерілуге арналған орталық ашылатынын айтты. Тұрғындар мен қала қонақтары сараптама үшін қан не жағынлы тапсырса жеткілікті, деп хабарлайды "KAZ.NUR.KZ".

Басқарма басшысы Сәуле Қисықованың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта сынама тапсыратын орын белгісіз. Бұл Ұлттық сараптама орталығындағы ғимарат немесе жергілікті емханалардың бірі болуы мүмкін.

Ғимаратқа арнайы кіру есігін жасау жоспарлануда. Медицина мамандары сынамаларды қорғаныш костюмдерінде алады.

Еске сала кетсек, соңғы мәліметтерге сәйкес, елімзде төртінші адамнан коронавирус анықталды. 1976 жылы туған қазақстандық Алматыға Германиядан келген.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде алғаш рет COVID-19 вирусы тіркелгенін мәлімдеді. Аталмыш инфекция екі азаматтан анықталған.

Вирус жұқтырғандардың бірі ер адам, екіншісі әйел екені белгілі болды.

Сондай-ақ елімізде коронавирус жұқтырған үшінші адам Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Әйел Италиядан ұшып келген.

Толығырақ ...

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 6 адамға жетті

  • Бөлім:  Қоғам

KAZUS.KZ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз өкілі Диас Ахметшәріп хабарлады, деп хабарлайды "baq.kz".

Дәл қазір белгілі болғандай елімізде коронавирус жұқтырған тағы бір кісі анықталды. Ол 1958 жылы туылған ер азамат. Кәсіпкер. Ол кісі Алматы қаласына 10 наурыз күні Мәскеу қаласынан ұшақ арқылы ұшып келген. Қазіргі таңда ем қабылдап жатыр. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласынан да тағы бір әйел кісінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Ол Варшава-Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақпен келген. Осымен еліміздегі науқастар саны алтыға жетіп отыр. Оның төртеуі Алматы қаласында, екеуі Нұр-Сұлтан қаласында, – дейді Диас Ахметшәріп.

Бұған дейін хабарлағанымыздай кеше ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екі қазақстандықтан коронавирус анықталғанын айтқан. Кейін ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлағандай, коронавирус белгілерімен тағы бір қазақстандық Германияда ауруханада жатқанын хабарлады. Коронавирус жұқтырған үшінші адам Нұр-Сұлтанда анықталды. Сонымен қатар Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус белгісі анықталды.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу