logoru
logo

Nur Otan-ның праймеризі онлайн өтуі мүмкін

  • Бөлім:  Cаясат
  • Оқылды 93 рет

KAZUS.KZ. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ішкі партиялық таңдау ­– праймеризді коронавируске байланысты елдегі ахуал тұрақтанғаннан кейін өткізу туралы шешім қабылданды. Орталық аппарат қазіргі кезде праймериз өткізу барысында онлайн-технологияны пайдалану мүмкіндігін де пысықтап жатыр.

Бастапқыда ішкі партиялық таңдауды биылғы 30 наурыздан бастау жоспарланған еді. Кейіннен оны өткізу мерзімі 15 сәуірге ауыстырылды. Бұл ретте Саяси кеңес отырысын өткізудің тоқтатылғанын ескере отырып, праймериз өткізу ережесінің жобасын қабылдау бойынша дауыс беру сырттай жүргізілді. Биылғы 26 наурызда Праймериз өткізу ережесі бекітілді.

«Праймериз өткізуді ахуал толық тұрақтанға дейін кейінге қалдыра тұру керек. Қазір «Nur Otan»-ның қызметі толықтай қайта бағдарланды. Партияның барлық ресурсы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған коронавируспен күрес жағдайында мұқтаж қазақстандықтарға көмек ұйымдастыру шараларына қолдау көрсетуге бағытталды», - деп атап көрсетті елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында «Nur Otan» партиясы жалғыз басты қарттарға, мүгедектерге және тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсету үшін 150 млн. теңге бағыттағанын атап өткен жөн. Коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске Тұңғыш Президент Қорынан тағы да 200 млн. теңге бөлінді.

Бөлінген қаражаттың арқасында партия белсенділері мен «Jas Otan» волонтерлары күн сайын халықтың әлеуметтік әлсіз санаттарын антисептика және гигиена құралдарымен, бірінші кезекте қажет тауарлармен және басқалармен байланыссыз тарату жолымен қамтамасыз етуде. Сонымен бірге «Nur Otan» партиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету үшін құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына өзінің барлық ұйымдық ресурсын қайтарымсыз негізде ұсынды.