logoru
logo

Қазақстанда коронавирус күдігімен 89 адам ауруханаға жатқызылған

Қазақстанда коронавирус күдігімен 89 адам ауруханаға жатқызылған Иллюстарциялық фото: inbusiness.kz
  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 129 рет

KAZUS.KZ. ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин 6 қаңтардан кейін Қытайдан оралған тұрғындардың денсаулығы жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«6 қаңтардан кейін Қытайдан оралған қазақстандықтардың 90%-мен байланыс орнатылды. Олардың арасында 89 адам дене қызуымен және ЖРВИ белгілерімен ауруханаға түсті. 43 адам емделіп шықты және 46 адам стационарда қалды», - деді Жандарбек Бекшин Қазмедиа орталығында өткен брифингте.

Бас дәрігер бұл бақылаудың барлық тұрғындарға емес, 6 қаңтардан бастап Қытайдан келгендерге ғана қатысты екенін еске салды.

«Барлық бақылаудағы ауруханалардан алынған сынамаларды қосымша зерттеу үшін Алматыдағы Әйтімбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығына жіберіп жатырмыз. Бұл орталық жаңа коронавирусты диагностикалайтын Полимеразды тізбекті реакция әдістемесін меңгерген. Егер шетелден келсеңіз, денеңіздің қызуын бақылаңыз. Күдік туған жағдайда барлық емхананы аралап, шаршамаңыз. Бірден 1406 нөміріне хабарласыңыз», - деді Жандарбек Бекшин.

Бұған дейін бас санитарлық дәрігер Ухан қаласынан эвакуацияланған азаматтардың жағдайы туралы айтып берген еді.

Сондай-ақ, 4 ақпаннан бастап, Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы тоқтайды.

Дүниежүзінде бүгін түске дейін вирус жұқтырғандар саны 17 459 адамға жетті. Одан 362 адам қайтыс болды және 483 адам толық жазылып шықты. Өлімге әкеп соққан 96 пайыз оқиға аурудың ошағы болған Хубэй провинциясында тіркелген.