logoru
logo

Министр көпбалалы отбасыларға әлеуметтік топтама қашан берілетінін айтты

  • Бөлім:  Қоғам
  • Оқылды 131 рет

KAZUS.KZ. Көпбалалы отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама қашан берілетіні белгілі болды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдан атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Бүгінгі күні Қазақстан бойынша 97,5 мың отбасы немесе 504 мың адам жергілікті атқарушы органдарға өтініш берді. Оның 64 пайызы балалар, 41 пайызы көпбалалы отбасылар. Қазіргі уақытта 2 260-тан астам учаскелік комиссия жұмыс істеп жатыр. 47 мың отбасыға немесе 237 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтама да беріледі. Ол жаңа тәртіп. Бұған қатысты жұмыстың бәрін атқардық. Жергілікті атқарушы органдармен бүкіл тетігін пысықтадық. Бұл жерде мемлекеттік сатып алу тәртібі жүреді. Оған ел Президенті өзінің тиісті тапсырмасы мен рұқсатын берді. Дәл осы аз қамтылған отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы бір көзден сатып алу жөнінде Үкімет өз тарапынан әкімдіктердің ұсынысы бойынша 543 жеткізушіні белгіледі», - деді ол.

Осы ретте министр бұл көмек түрі қай уақыттан бастап берілетіндігін нақты айтты.

«Біздің жоспарымыз бойынша ақпан айының 5-іне дейін келісімшарт жасалып бітеді. Атаулы әлеуметтік көмекке қаңтарда өтініш берген азаматтардың тізімі белгіленді. Атаулы әлеуметтік көмекке ие болған азаматтар кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға да ие болады. 10 ақпаннан қаңтар айының атаулы әлеуметтік көмегі төлене бастайды. 15 ақпанға қарай әлеуметтік топтама да халыққа жеткізіледі», - деді Біржан Нұрымбетов.