logoru
logo

Министр 5G-ден төнетін қауіпке қатысты пікір білдірді

Министр 5G-ден төнетін қауіпке қатысты пікір білдірді Фото: ferra.ru

KAZUS.KZ. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев әлеуметтік желідегі 5G туралы алып-қашпа әңгімеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 5G толқыны адамның иммунитетін төмендетіп, денсаулығына қауіп төндіреді екен. Ал Сnews.ru сайтының хабарлауынша, Ұлыбританияда 5G мұнарасын өртеу оқиғалары жиілеген. Тұрғындардың пікірінше, 5G коронавирустың таралуына ықпал етеді-мыс. 

Асқар Жұмағалиев Қазақстанда 5G құралы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында сынақтан өткенін атап өтті.

"Жабдық өте жоғары жылдамдықта жұмыс істейтінін көрсетті, яғни секундына бір гигабит ақпарат бере алады. Бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмайды. Себебі, телекоммуникация желілерін дамыту байланыс операторларының есебінен жүргізіледі", - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында.

Сондай-ақ, ол 5G-ден төнетін қауіпке қатысты өз ойын ашық айтты.

"Ұялы антенналардың адам денсаулығына әсеріне тоқталайын. Бір де бір антенна санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің рұқсатынсыз орнатылған жоқ. Әрбір базалық станцияға тиісті санитарлық паспорт беріледі. Тұрғын үйге ұялы антенна орнатылған кезде, ол арнайы талаптарға сәйкес орнатылады. Сондықтан тұрғындарға қорқудың еш қажеті жоқ. Тиісті медициналық ұйымдар бұл мәселені бақылап отыр", - деді Асқар Жұмағалиев.