8 C
Shymkent
Наурыз 4, 2021
Қоғам

Қалыңмал үшін екінші рет тұрмыс құрған келіншек жаға ұстатты

Қызылорда тұрғыны заңды түрде ажырасып кеткен әйелімен қайта қосылғанына өкініп қалды. 2018 жылы ажырасқан жігіт бұрынғы келіншегін ортақ баласы болғаны үшін ғана үйіне қайта кіргізген. Қызылордалық азамат қайтып келген әйелінің басқа бір шаңырақтың келіні екенін кеш біліп отыр – деп хабарлайды Kazus.kz ақпараттық порталы Nur.kz сайтына сілтеме жасап.

Ербол (есімі өзгертілді) басынан өткен соңғы жайттан кейін әлі есін жия алмай жүргенін айтады.

«Біз 2016 жылы шаңырақ көтердік. 2017 жылы қызымыз дүниеге келді. Отасқанымызға екі жыл болғанда келіншегім екеуміздің арамызда ұрыс-керіс көбейе бастады. Мінезіміз жараспады. Оның үстіне мен жұмыстан шығып қалдым. Бірақ әйелімнің асты-үстіне түсіп, бар жағдайын жасап келдім. 2018 жылы ажырасып кеттік. Қызымды анасы өзімен бірге астанаға алып кетті», – дейді Ербол.

Айтуынша содан кейін ол ештеңеге зауқы болмай, дел-сал күйге түскен.

«Жақында бұрынғы әйелім ойда-жоқта үйге келіп, «қайта қосылайық» деді. Мен қызымды көріп, қатты қуанып кеттім. Сол үшін келістім, шыны керек. Сөйтіп бірге тұрып жаттық», – дейді қызылордалық азамат.

Бар қызық осыдан кейін басталған. Ерболға келіншегінің жеңгесі хабарласып, оны қазіргі күйеуі іздеп жатқанын айтқан.

«Мен сенген жоқпын. Қалжың деп ойладым. Бір күні қызымның шашынан сипап, иіскеп жатсам, нөмірі таныс емес біреуден Whats app арқылы неке куәлігі мен беташарда түскен әйелімнің фотосы келіп тұр. Төбемнен жай түскендей болды. Қызымның анасы сол жігітпен бір-ақ апта тұрған көрінеді», – дейді жігіт.

Сұрастыра келе Ербол таныс емес телефон нөмірі әйелінің заңды некеде тұрған жұбайыныкі екенін білген. Айтуынша қазір әйелі үйден кетіп қалған.

«Маған қарайтын бет қалмаған соң кетті (келіншегі). Артынан білгенім, ол жігіттен қалыңмалына киіт, сый-сияпатынан бөлек 1 миллион теңге алған. Мұндай нәрсені ешбір жігіттің басына бермесін», – дейді қызылордалық азамат.

Қазір Ербол бұрынғы әйелімен кеткен қызын заңгердің көмегімен өз қолына алуға тырысып жатқанын айтады.

Ұқсас жаңалықтар

БЖЗҚ ескертеді: Құпия деректер ұрланды

admin

Қос азаматтығы бар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылады

admin

«Сергек» камералары енді республикалық маңыздағы жолдарға орнатыла бастайды

admin