22 C
Shymkent
Қыркүйек 21, 2020
Оқыс-оқиға

Күйеуін өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған

KAZUS.KZ. Петропавл қаласындағы ЕС 164/6 түзету коллониясында жазасын өтеп жүрген Елена күйеуін өлтіріп, кейін бөлшектеп қоқысқа лақтырғаны үшін сотталған. Ол жантүршіктірерлік қылмысы үшін өмірінің 10 жылын темір тордың ар жағында өткізеді, – деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі.

Елена бір қарағанда өзгелерден еш айырмашылығы жоқ қарапайым әйел. Ал істеген қылмысы жайында сөз қозғалса, үнсіз қалады. Өткен күндерінің естеліктерімен бөліскісі келмейді.

Ол Петропавл қаласында туып-өскен. Орта мектепті аяқтап, «Станок жасау» мамандығы бойынша арнайы білім алады. Жұрт қатарлы тұрмысқа шығып, екі баланы дүниеге әкеледі. 25 жыл отасқан қосағы 2007 жылы дүние салады. 2010 жылы жесір әйел Иван есімді жігітпен танысып, қайтадан тұрмыс құрады. Ерлі-зайыптылар азаматтық некеде тұрып жатады.

«Бастапқы екі жылда бәрі жақсы болды. Отбасы болып, бір шаңырақ астында бейқам өмір сүрдік. Уақыт өте келе мінезі өзгере бастады. Жұмыс істеуден қалды. Күніге араққа тойып алып, ұрыс-керіс шығаратын болды. Тапқан азын-аулақ ақшасы арақтан қалмайды. Өз қалауымен өмір сүріп жатты. Бойындағы қызғаныш сезімінің кесірінен үйде үнемі жанжал туындайтын халге жеттік. Үнемі несие алуға көндірмек болатын», – деп есіне алады жазасын өтеуші.

ДЕНЕ МҮШЕЛЕРІН ҚАПҚА САЛЫП, ҚОҚЫСҚА ТАСТАҒАН

2018 жыл. Ақпан айы. Елена күндегі әдетімен кешке жұмыстан үйге оралады. Арақ ішіп отырған Иванмен сөзге келіп қалады. Оның соңы үлкен жанжалға ұласады.

«Ұрыс-керісті жалғастырмау үшін кешкі ас әзірлеуге кірістім. Бірақ Иван қайта-қайта жанжалдаса берді. Оның арақ сатып алу үшін ақша талап еткенін елемеген соң, жұдырық қосылды», – дейді әйел.

Тамақ әзірлемек болып қолына пышақ ұстаған Елена жұдырықтың жауабын бермек болып күйеуін суық қарумен құлатады. Сұлық құлаған күйеуін диванға жатқызбақ болған сәтте оның өліп қалғанына көзі жетеді. Мәйітті балконға шығарып, өзі үйден қашып кетуге бел байлайды.

Далаға шығып, біраз ойланған әйел болған жайтты жасырып қалуға шешім қабылдайды. Балалары не ойлайтыны, ары қарай қалай өмір сүретіні жайында қайғырып, ойы сан-саққа жүгірген әйел келесі күні түк болмағандай жұмысына барады.

Мәйіттен біртіндеп құтылуды ұйғарған қылмыскер оны бөлшектеп, күн сайын жұмысқа бара жатқанда бір-бір мүшеден қоқысқа тастап тұруды ұйғарады. Алайда ол мәйіттен құтылып үлгермейді. Өйткені қанішер әйелдің қылмысы әшкере болады. Қоқыстан қапқа салынған адам денесінің бөлшегін көрген көршілер полицияға хабарлаған екен. Істің соңы сот, одан кейін темір торға ұласады.

«Жаңа өмірге» бейімделу оңай болған жоқ. СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің түзету мекемесіне түскен сәтте-ақ Петропавл кәсіптік колледжінің «плитка төсеуші» мамандығына жазылдым. Еңбек қана біртіндеп өмірге оралуыма көмектесті», – дейді Елена.

Қазір жазасын өтеуші түзету мекемесінің жанындағы «Еңбек-Қызылжар» кәсіпорнында жұмыс істеп жүр.

«ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ ҚАЛЫПТЫ ӨМІРГЕ ҚАЙТАРУ ҚИЫН…»

Петропавл қаласындағы ЕС 164/6 түзету коллониясында 200-ден астам әйел жазасын өтеп жүр. Олардың барлығы дерлік ауыр, аса ауыр қылмыс үшін сотталған.

«Жазасын өтеуші әйелдер үшін ең қиыны – отбасы, бала-шағадан ажырау. Олар жақындарымен сөйлесіп тұрады, Skype арқылы жүздеседі. Біз мұндай әлеуметтік қарым-қатынасты қолдаймыз. Біздің психолог ретіндегі басты міндетіміз – қылмыскерлерге сабақ беріп қана қоймай, сотталғандардың проблемасын тыңдап, қолдау көрсету, дұрыс жолға бағыттау. Қылмыскерлер істегеніне өкінгенімен, оларды қалыпты өмірге қайта бейімдеу қиын. Дегенмен, кешенді жұмыс істеудің арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз», – дейді аға лейтенант Майя Ақанова.

Жазасын өтеушілердің бірі Лилия есімді әйел де өзінің басынан өткен оқиғаны баяндауға келісім берді. Ол 30 жыл отасып, екі баласын бірге тәрбиелеген күйеуін өлтірген. Бұл оқиғада да жанжалдың басты себебі – ішімдік.

«Отбасын асырау менің мойныма жүк болды. Ал оны арақ көбірек ойландыратын. Жыл өткен сайын «ауруы» асқына берді. Қазір ажырасып кетпегеніме өкінемін. Солай жасасам, осының барлығы болмас па еді? Қорқыныштың соңы осындай сұмдыққа алып келді», – дейді Лилия.

Ол да жанжал кезінде күйеуінің ішіне пышақ сұғып алған. Ал Еленадан айырмашылығы – өз қылмысын бірден мойындап, балаларына хабарлаған, кейін полиция шақыртқан. Осыны ескерген сот қылмыскерді 8 жылға бас бостандығынан айырған.

СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Мадина Ерғалиеваның айтуынша, жазасын өтеп жүрген әйелдердің арасында ағасын, бауырын, тіпті әкесін өлтіргендер де бар.

«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыстың туындауының басты себептерінің бірі – отбасылық жанжал, зорлық-зомбылық. Көп жағдайда әйелдер өздерін қорғамақ болады. Алайда бұл ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Адам өмірі ойыншық емес. Кім болса да, қолмен жасаған қылмысының жауабын беруге тиіс», – дейді Ерғалиева.

Қолын қанға бояп, қылмыстың ауыр күнәсін арқалаған әйелдердің өткен іске өкінері анық. Әрбір жазасын өтеуші мерзімі аяқталғанда бостандыққа шығады. Ал шаңырағы ортасына түскен отбасы, жүрегіне ешқашан жазылмас, дауасы табылмас жара түскен бала-шаға сол қалпында қала бермек. Ана үшін ең ауыр жаза сол болар.

Ұқсас жаңалықтар

Эротикалық массаж қызметін ұсынған қыздар ұсталды

admin

«Әділдік орнасын!» Наразы жұрт әкімдік алдында жиналды

admin

Тәжікстанда қазақ жүргізушісімен жанжалдасқан МАИ қызметкерін жұмыстан шығарды

admin

Пікір қалдыру