Бүгіннен бастап президенттің жарлығымен құрылған Абай облысының аумағына 8 аудан және 2 қала енді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шығыс Қазақстан облысынан бөлініп шыққан жаңа өңірдің аумағы – 185,5 мың шаршы метр. Құрамына 8 аудан және 2 қала енді: Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары.
Абай облысындағы халық саны – 638,3 мың. Яғни, Шығыс Қазақстан жұртшылығының 47 пайызы жаңа аймақтың тұрғындарына айналып отыр.
Ал ШҚО аумағы 97,8 мың шаршы метр болды. Территориялық бөліністерге сәйкес, оның құрамында 9 аудан және 2 қала қалды. Олар Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары.
Өнеркәсіптердің 32 пайызы енді Абай облысында. Екі өңірдің қала-аудандары 1997 жылы Семей облысы қосылғанға дейінгі территориялар бойынша бөлінген.